Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елорда жастары нәзік жандарға деген құрметін білдіріп отыр. Көшеде бірнеше жас өрен ертеңгі мереке иелеріне тегін концерт билеттерін таратты. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын сыйға тартқан жастардың бұл сыйына алғыс айтып жатқандар мол.
«Шынында да, көктемнің келуінің өзі бір мереке ғой. Әйелдер күні қарсаңында осындай құрмет көріп жатқанымызға қуаныштымыз. Сый-құрметін аямаған жастарға мың да бір рахмет», - дейді қала тұрғыны Аида Оспанова.
Астана жастары бір ғана ауданмен шектелмей, қаланың үш-төрт нүктесінде осылай тегін билет таратты.
«Құлпырып жүрсін деген ниетпен нәзік жандарға гүл таратып жүрген жайымыз бар. Одан бөлек, ертең Астанада өтетін концертке билеттер таратылып жатыр. Біздің мақсат - астаналықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлау. Жастар жылының аясында барлық өңірлердегі жас өрендерге осы эстафетаны жолдап отырмыз. Аналарымыз мен әпкелерімізді, нәзік жандарды қуанта алдық деген үміттеміз», - дейді Астана қаласы әкімдігінің қоғамдық даму істері басқармасының бас маманы Ақұлан Тастемір.