Астана жастарына әскерде келісімшартпен қалай жұмыс істеуге болатыны түсіндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері халыққа келісімшарт бойынша әскерде қызмет ету жөнінде ақыл-кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олар тұрғындар арасында әскери қызметке орналасу тәртібі, келісімшартты қашан және қанша уақытқа жасауға болады, әскери оқу орындарына қалай түсуге болады, жалақы көлемі, әскери медициналық мекемелердегі тегін медициналық қызмет және әскери қызметшілер мен зейнеткерлерге берілетін басқа да әлеуметтік кепілдіктер туралы консультация жүргізді.

Сонымен қатар, іс-шара ұйымдастырушылары жаңа тұрғын үй заңнамасы, әскери қызметкерлер мен Қарулы күштер зейнеткерлерін баспанамен қамту механизмін және тұрғын үй төлемақысын пайдалану тәртібін түсіндірді.



Ақпараттық-насихаттық іс-шара нәтижесінде 26 жас Астана қалалық қорғаныс істері басқармасына әңгімелесуге шақырылды.