Астана жасыл қала: Елбасы еккен ағаштар қалай өсіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда ауысқан сәттен бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаланы көгалдандыруға айрықша көңіл бөлді. Ол әр уақытта сенбіліктерге шығып, ағаш отырғызды, осылайша өскелең ұрпаққа үлгі көрсетті. Елорда айналасын қоршай бой көтерген, қаланың таза ауамен тыныстауына мүмкіндік берген «жасыл белдеу» де 1997 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған еді. «ҚазАқпарат» тілшілері Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада еккен ағаштарына және олардың қалай өсіп жатқанына шолу ұсынады.

Биыл да Нұрсұлтан Назарбаев елорданың «жасыл белдеуін» тікұшақпен аралап, қала айналасындағы орманды алқаптың даму барысымен танысты, жылдағы дәстүр бойынша табиғи ортаға қырғауыл ұшыру шарасына қатысты.


Елбасы отырғызған алғашқы көшет – Алматы ауданындағы «Жерұйық» саябағында тұр. Тақтайшада 1999 жылдың 12 қазанында жаңа қалалық саябақта ағаш отырғызу басталғаны айтылған. Үшінші мыңжылдықта мемлекетпен бірге жаңа бақтың жа жайқалып өсеріне деген сеніммен Нұрсұлтан Назарбаев осы ағашты отырғызған.

Ал 2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев жалпықалалық сенбілік барысында «Астана-Арена» стадионына қарама-қарсы жаңа саябаққа ағаш отырғызуға қатысты.

«Біз ұрпақтарымыз әдемі әрі таза қалада тұруы үшін елімізді жасыл желекке айналдыруымыз керек. Бұл жерде аумағы 100 гектарды алып жатқан Қазақстандағы ең үлкен, жаңа парк – Ботаникалық бақ болады. Мен оны «Жетісу» деп атауды ұсындым. Бұл баққа әлемнің әр елінен әкелінген ағаштар мен өсімдіктер отырғызылады. Бұл қала тұрғындары үшін жаңа демалыс орны болады», – деген еді Елбасы.

Суреттен сол кездегі ботаникалық бақ орнында ағаштардың аз екенін көруге болады. Ал қазір Ботаникалық бақ – қаладағы ірі демалыс орнына айналды. 9 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев отырғызған ұсақ жапырақты жөке ағашы осылай өсіп тұр. Тақтайшада бұл ағаштардың Батыс Азия мен Еуропадан шыққаны жазылған. Ағаш айналасы бұталармен қоршалған.


Нұр-Сұлтан ботаникалық бағы жылыжайының меңгерушісі Ескендір Сәтековтың айтуынша, ұсақ жапырақты жөке – кең таралған ағаш түрі. Жөкеден бал алуға болады, бұйым жасайды және сәндік ағаш ретінде егеді. Жөке гүлдерінен қабынуға қарсы құрал ретінде шәй демдейді. Башқұрттардың атақты жөке балы осы ағаштан алынады.

Елордалық Ботаникалық бақ Алматы Ботаникалық бағының филиалы болып саналады. Ал биыл Ботаникалық баққа тәуелсіз мәртебе беру мәселесі көтерілді. 2019 жылдың желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласының Ботаникалық бағы ерекше қорғалатын табиғи аумақ атанды. Ботаникалық бақтың жалпы аумағы 98 гектарға жетеді. Жоба бойынша екі аймаққа бөлінген: орталық бөлігі – ғылыми зерттеулер үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ болса, сыртқы периметрі – спорттық-сауықтыру мақсатын көздейді. Мұнда 41 мың ағаш, 53 мың бұта, 46 мың шаршы метр гүлзар, 536 мың шаршы метр көгалдар өседі. Биыл тағы 4 мың ағаш пен 16 мың бұталы қоршау отырғызу жоспарланған. Барлық көшеттер Ботаникалық бақ жанынан құрылған ғылыми-зерттеу орталығының қатаң бақылауымен жүзеге асырылады.

2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық музей жанындағы сенбілікке қатысып, кезекті ағашын отырғызды және барша қазақстандықтарды және жастарды абаттандыру ісіне белсене қатысуға шақырды.

«Егер әрбір азамат, әсіресе жастар елді мекендерді тазарту және ағаш отырғызу жұмыстарына қатысатын болса, онда әр ауыл, аудан, қала және олармен бірге бүкіл еліміз де көркейе түседі. Тұрмысы төмендер мен жетімдерге көмек көрсету де аса маңызды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын біз осындай нақты іс-қимылмен қарсы алуға тиіспіз. Біздің керемет байтақ еліміз бар, оның жеріне ағашты көп егуіміз қажет, ол халықтың денсаулығына оң ықпалын тигізеді. Өз елін сүйетін адам оның игілігі үшін жұмыс істеп, болашағын ойлайды», – деді Н. Назарбаев.



Нұрсұлтан Назарбаев отырғызған тағы бір ағаш «Отан қорғаушылар» мемориалы аумағында орналасқан. Мұнда Елбасының бастамасымен тұрғызылған «Отан ана» монументін көруге болады. Оның биіктігі 37 метрден асады.

Сонымен бірге, Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер алаңында Нұрсұлтан Назарбаев отырғызған тағы бір ағаш бар. Мемлекеттік рәміздер алаңын 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаев елорда орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал орнында ашқан болатын. Алаңда Қазақстанның ең үлкен туы желбіреп тұр. Мұнда әскери қызметшілердің ант қабылдауы, мемлекеттік сыйлықтар мен наградалар тапсыру сондай-ақ 4 маусымда еліміздің мемлекеттік рәміздер күні шаралары өтеді.

Айта кетейік, Елордада «Астана Опера» театрының іргелес аумағына 1000 түп бөртегүл мен 700 емен ағашы отырғызылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында Нұр-Сұлтанда бір миллионнан астам жасыл желек отырғызылады. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарында да елорданы жаппай көгалдандыру қарастырылған.