13:59, 13 Сәуір 2009
Астана: жексенбі күні екі жол апатында 6 бала жарақат алды
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат - Өткен аптада елордада 10 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 15 адам зардап шекті, олардың ішінде балалар да бар.
Тек қана жексенбі күннің өзінде, екі жол-көлік оқиғасында 8 адам зардап шекті, олардың алтауы - балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана Ішкі істер департаментінің Жол полициясы басқармасына сілтеме жасап. Атап айтқанда, сәуірдің 12-сінде сағат 18.00-де Қоянды кентіне бара жатқан жолда «Тойота-Исузу» көлігінің жүргізушісі жан-жағына қарамастан орнынан қозғала берген сәтте, қарсы келе жатқан көлікті кеш байқаған. Ішінде 1 мен 8 жастың аралығында бес бала болған «Тойота» көлігінің жүргізушісі соқтығысудың алдын алмақ болып, рульді күрт бұрған кезде, рульге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Оқиға салдарынан алты адам: 38 жастағы ер азамат пен 5 бала зардап шеккен. Балалар қазір қалалық клиникалық балалар ауруханасында оңалып жатыр, ал ересек азамат бас жарақатын алған. Кеше сондай-ақ сағат 22.00-дерде Тілендиев даңғылы және Бекетай көшесінің қиылысында бес көлік соқтығысып қалды. Ішімдік ішіп алған «Тойота Ленд Крузер» көлігінің жүргізушісі Бөгенбай даңғылынынан Бекетай көшесіне қарай ызғытып келе жатып, көшелердің қиылысында «Мерседес», «Мазда», «Тойота» және «Ваз-2106» көліктерімен соқтығысқан. Жол апатының салдарынан «Мерседес» көлігінің жүргізушісі мен оның алты айлық баласы қатты зардап шеккен.