Астана жеңіл рельсті трамвайлардан бас тартты

None
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елорда әкімі қалада жеңіл рельсті трамвайларды іске қоспау туралы шешімді қабылдады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

Айта кетейік, аталған көліктің жобасын халықаралық қаржылық ұйымдардың займдары есебінен жүзеге асыру жоспарланған болатын. Сондай-ақ Азия даму банкі арқылы қаржыландыру нұсқасы да қаралған еді.

«Банк экономикалық және әлеуметтік пайданың барша пакетін сараптамадан өткізіп, жобаның шамадан тыс қымбаттылығы туралы шешім шығарды. Осы орайда оның экономикалық тиімсіздігі ескерілді. Жалпы, осындай пікірмен келісеміз»,- деп тоқталды әкім.

Оның айтуынша, жеңіл рельсті трамвайдың алғашқы желісінің құрылысына, яғни 21 шақырымына 250 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет болса, дәл осы аралыққа арнайы бөлінген жолақ бойынша жүрдек автобус байланыстарын жіберуге 85 миллиард теңге керек екен.

«Осыны салыстырсақ, бұл екі жоба құнының айырмашылығы 151 миллиард теңге көлемінде. Сондықтан да алғашқы желісі 2016 жылы аяқталатын жүрдек автобус жобасын жүзеге асырудың келісілген шешімі қабылданды»,-деді қала басшысы.

Бұл жоба аясында 63 шақырым жол елорданың Сол жағалауы мен Оң жағалауын қамтуға мүмкіндік береді.

«Осы арқылы біз жолаушылардың ауқымды бөлігінің қоғамдық көлікке отыруын қамтамасыз етіп, көлік қозғалысын ұйымдастыруды жақсарта аламыз»,-деп түйді әкім.