Барша әлемде миллиардтаған адам планетамыздың болашағына немқұрайлы қарамаудың белгісі ретінде өз үйлері мен пәтерлерінде жарық пен электр құралдарын бір сағатқа өшірді. Сонымен қатар, басты объектілер мен туристік көрікті жерлерде де жарық сөндірілді.
Астанада сағат 20.30 - 21.30 аралығында 300 астам ғимараттың сыртқы жарықтандырылуы тоқтатылды, соның ішінде «Бәйтерек» монументінде, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында, Бейбітшілік және келісім сарайында, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында.
Шараға «Қазақстан» спорт кешені, «Астана Арена» стадионы, «Алау» мұз айдын сарайы, «Барыс Арена» сияқты спорттық нысандар да қосылды. М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Елордалық цирк, Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, «Жастар» сарайы, Қуыршақ театры мен «Наз» би театры да акцияға қолдау көрсетті.
«Жер сағаты» - Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) барша әлемде жүздеген мемлекетті қамтыған және табиғатты сақтаудың, планетамыздың шектеулі ресурстарына қамқор болудың белгісі болып табылатын ауқымды акциясы. Өткен жылы акцияға 172 мемлекет пен 2 миллиардтан астам адам қатысқан.
Биыл елімізде «Жер сағаты» 16 сәуір - 16 мамыр аралығында өтетін «Ұлттық орман отырғызу күні» республикалық акциясының қамқорлығымен ұйымдастырылды. Акцияға Қазақстаннан 80 қала қатысты. Елорда аталған халықаралық шараны бірнеше жылдан бері қолдап келеді.
Акция қоғам назары баламалы энергия көздерін пайдалануға бағытталған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында аса маңызды болып табылады. Мемлекет энергия үнемдегіш технологияларды пайдаланып, «жасыл экономиканы» дамытуда, осы мақсатта жасалған алғашқы қадам - ресурстарды пайдалануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ, «жасыл» инфрақұрылымды құру.
22:01, 19 Наурыз 2016
Астана «Жер сағаты» дүниежүзілік экологиялық акциясына қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 19 наурызда, елорда «Жер сағаты» халықаралық акциясына қатысты, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.