Қоғамдық тыңдауды Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы өткізді. Жиында туризм саласын үйлестіру және елордаға келетін шетелдік туристер санын арттыру мәселелері қаралды.
Астананың туризм саласын дамыту стратегиясын әзірлеудің аралық нәтижелерін таныстырған Ұлыбек Қиманов елорданың туристік әлеуеті ұқсас бірқатар қаладан әлі де кейін қалып отырғанын айтты.
Астананың туризм саласын дамыту стратегиясын әзірлеудің аралық нәтижелерін таныстырған Ұлыбек Қиманов елорданың туристік әлеуеті ұқсас бірқатар қаладан кей көрсеткіш бойынша кейін қалып отырғанын атап өтті.
Зерттеу барысында Астана Ташкент, Баку, Қазан, Варшава, Эр-Рияд және басқа да қалалармен салыстырылған. Сарапшылар қала халқы мен туристер санының арақатынасына да назар аударған.
– Қазіргі туристік ағын Астананың әлеуетін толық ашып отырған жоқ. Бүгінде қалаға жылына шамамен 1,6 млн турист келеді, оның 400 мыңы – шетелдік қонақтар. Біз салыстырған қалалардың орташа көрсеткішіне сүйенсек, Астанаға келетін туристер санын жылына 4–6 млн адамға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Ал шетелдік туристердің үлесі қазіргі 24%-дан 35%-ға дейін өссе, олардың саны 1,5–2 млн адамға жетуі мүмкін, – деді Ұлыбек Қиманов.
Оның айтуынша, халықаралық әуе қатынасы жағынан Астана салыстырылған қалалардан төмен көрсеткішке ие. Қазір елордадан 22 мемлекетке әуе рейсі орындалады. Ал Ташкенттен 37, Бакуден 32 елге ұшуға болады.
Қалалар саны бойынша да айырмашылық бар. Астанадан 41 қалаға рейс қатынаса, Ташкенттен 85, Бакуден 69 қалаға әуе қатынасы бар.
Ұлыбек Қимановтың сөзінше, қазіргі туристік ағынды қабылдауға Астанадағы төрт және бес жұлдызды қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындарының саны жеткілікті. Алайда туристер саны артса, алдағы бес жылда бұл инфрақұрылым жеткіліксіз болуы мүмкін.
Сондай-ақ Астананы туристік бағыт ретінде дамытудың үш негізгі тұжырымдамасы ұсынылған. Олар – «Астана – болашақ қаласы», «Астана – ірі оқиғалар астанасы» және «Астана – мәдениет пен табиғат тоғысқан қала».
– Осы бағыттарды дамыту аясында бірқатар жаңа нысан мен жоба ұсынылып отыр. Олардың қатарында киберспорт орталығы, цифрлық парк, заманауи өнер орталығы, жаңа көрме кешені, 50 мыңнан астам көрерменге арналған стадион, жаңа әуежай, этноорталық және гастрономиялық көше бар, – деді ол.
Бұған дейін Астанада батпақты жердің орнына 4 млрд теңгеге экосаябақ салынғанын жаздық.