Астана жолдарында жыл басынан 25 адам көз жұмған

Жыл басынан елордада жол-көлік оқиғаларынан 25 адам мерт болды. Бұл туралы Астана қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетов айтты, деп хабарлайды Кazinform агенттігі.

Фото: pixabay.com

«Осы жылдың 9 айының қорытындысында елорда аумағында 570 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 624 адам жарақат алып, 25 адам қаза тапты. Апатқа жақын елді мекендерден тәулік сайын қалаға 75 мыңға дейін автокөліктің кіруі, жақын шет елдердің 16 мың автокөлігінің қалада жүруі, тіркелген көлік санының 76 050 бірлікке ұлғаюы себеп болып отыр», – деді полиция қызметі басқармасының бастығы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Атап өтілгендей, жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында 6-9 қазан аралығында қала аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.

«Іс-шараның бірінші күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1 171 фактісіне жол берілген жоқ. Көлікті мас күйінде жүргізген 29 жүргізуші, сонымен қатар апатты жағдай жасаған – 34, телефон пайдаланған – 95, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 158, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өткен 41 жүргізуші ұсталды. Жол қозғалысы ережесін бұзған скутерлер мен мопедтердің жүргізушілеріне 81 хаттама толтырылды. 349 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды», – деді Арман Айтмағамбетов.