Кеңес барысында астанадағы криминогендік жағдай және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар бойынша қалалық Ішкі істер департаментінің басшысы Марат Қожаев есеп берді.
«Өкінішке қарай, осы аптада жол-көлік апаттарының саны артып отыр. Жалпы, өткен аптада 11 факті тіркеліп, салдарынан 16 адам түрлі деңгейдегі жарақаттар алды және екі ірі жол-көлік апатынан 4 адам қаза тапты. Ал таңғы сағат 8:00-де әуежайға барар жолда қызды көлік қағып кетті. ІІД жедел-тергеу тобы тез арада оқиға орнына жетті», - деді М. Қожаев.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қалалық ІІД басшысына соңғы жол апаттарының себептерін саралап, оларды жою бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
«Қауіпті жол өткелдерін жою бойынша жұмыстарды жеделдетіп, бұл мәселені тез арада шешу керек», - деді Астана әкімі.
Сондай-ақ кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздік, көше тазалығы және жылыту маусымына қатысты мәселелер қарастырылды.