Жарысқа он екі бала қатысты. Дойбы бәсекесіне қатысқандардың барлығы бір жыл бұрын осы Астана» журналының ұйымдастыруымен өткізілген «Хан шатырда - Хан дойбы» жарысында ойынның ережесін үйренген болатын.
Ойынды жаңғыртушы азамат Әнуар Қабдолдаұлының айтуынша, Хан дойбысының ғажайыбы - оның кестесінде. Онда астрономиялық ілімнен бастап пәлсапа, экономика, ғылым, мәдениет, саясат, мемлекет құру жүйесі, дала демократиясы сияқты тағы басқа сан алуан сала бір тұғырда тоғысады. Керек десеңіз, он сегіз мың ғаламның тілін қазақтың сөзінде шешіп беруге негіз салады.
Баяғы бағзы заманнан бері хандардың, билердің, бектердің ел басқару, мемлекет құру ақылдарын сын тезіне түсіріп сынайтын ойын бұл. Хан дойбысы - жалпы он жылдан астам уақытта қазақтың руханиятын қадала бағып байқаумен, сан сараптап салыстырудан пайда болып, жетілген ойын.
Бір жарым сағатқа созылған тартысты ойынның нәтижесінде Хан дойбысын жете меңгерген үш жеңімпаз анықталды:
I-орын игері - Нұрсұлтан Шибишевке бас жүлде - теледидарды «Астана» журналының директоры-бас редактор Мақсат Тәж-Мұрат тапсырды.
II-орынның иегері Нұрсұлтан Қапановқа «Түгел» баспасөз клубының президенті Әйгерім Түгел ұялы телефон сыйлады.
III-орынды жеңіп алған Нұрсұлтан Жүнісовке «Кар-Тел» (Beeline ұялы байланыс операторы) ЖШС Астана және Ақмола облысындағы филиалының директоры Мұсағали Қалимұса USB-модем тарту етті. Сондай-ақ қалған қатысушыларға да тарту-таралғылар жасалды.
Жарыс-акцияны «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы қолдап, Қуыршақтар театрының, Марат Омаровтың «Талант» орталығының, Астанадағы №2 Өнер мектебінің, №59 мектептің жас өнерпаздары өнер көрсетті.