Астана жұрты алғаш рет Абай шығармашылығына арналған моноопераны тамашалады

АСТАНА. KAZINFORM - «Астана Опера» театрында Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған «Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы өтті. Астана жұртшылығы үшін бұл композиция алғаш рет қойылып тұр.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен қойылған өзекті шығарманың авторы әрі орындаушысы – өзінің барлық кәсіби қызметін Абай шығармашылығын насихаттауға, ақын даналығын ән арқылы жеткізуге арнаған Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның «Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы – ондаған жылдар бойғы ізденіс пен еңбектің нәтижесінде өмірге келген туынды.

Шахимардан Әбіловтың айтуынша, моноопера жазу идеясы 30 жылға жуық уақыт бұрын Лондонға сапары кезінде туған.

1995 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен жарияланған дүниежүзілік Абай жылын мерекелеу аясында Шахимардан Әбілов Лондонда Абай үйінің ашылуына қатысады. Осы салтанатты шарада ол Қазақстанның халық әртістері Б.Төлегенова, Е.Серкебаев және әйгілі скрипкашы М.Бисенғалиевпен бірге Чарльз ханзаданың оркестрімен атақты Барбикан орталығында өнер көрсеткен. Сол кезде Абай ариясын шырқаған опера әншісі алғаш рет Абай жайлы көлемді дүние шығаруды ойлайды.

Алғашқыда моноопера эксперимент ретінде Абайдың 3-4 әнімен таныстырылған, одан кейін қазақстандық композиторлар Е.Рахмадиев, М.Сағатов, М.Маңғытаев пен Т.Мұхамеджановтың Шахимардан Әбіловтің даусына арнап Абайдың өлеңдеріне жазған романстары қосылған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Тынымсыз ізденіспен қаншама жылдар өткенде сол арман ақиқатқа айналды. Абайға деген жүрекжарды сүйіспеншілігім мен құрметім моноопераға ұласты. Оны жасау үшін өте көп еңбектендім. Нәтижесінде ақынның көп орындала бермейтін 10 туындысын таңдап, солардың негізінде моноопера жасадым. Біз Абайды естуіміз және оның әлеміне шомуымыз керек, сол үшін моноопера үзіліссіз және көрермендердің қол шапалақтауынсыз бір сағаттан артық уақыт жүреді. Абай өзінен кейін өлмейтұғын сөз ғана емес, өлмейтұғын ән де қалдырған. Ол туған халқын, қазағын әлемдік деңгейдегі халық болсын деп сынаған. Бір ғана Абай арқылы әлемге қазақтың кім екенін көрсете аламыз, сондықтан Абайды ұғыну – әрқайсымыздың парызымыз деп білемін, – деді Ш.Әбілов.

Ол ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай келесі жылы оркестрмен бірге үлкен спектакль жасауды жоспарлап отырғанын қоса атап өтті.

Айта кетейік, моноопера – сирек жанр. «Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы 3 блоктан тұрады. Бірінші бөліміне «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қарашада өмір тұр», «Қор болды жаным» және «Сегіз аяқ» туындылары енген.

Екінші бөлім ұлы ақынның бала тәрбиесі, білім, ғылым, өнер және махаббат жайлы «Ата-анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң», «Біреуден біреу артылса», «Көзімнің қарасы» өлеңдерін қамтиды.

Ең соңғы үшінші блогында «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас» әндері орындалады, оған «Астана Опера» театрының балалар хоры қатысты.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, армандарымыз орындалатын жер. Сұлулығына тамсанып, табиғатты аялау және қадірлеу үшін, мәдени тұрғыда байып, ұлы істердің бөлшегі болуымыз үшін бізге баға жетпейтін жер берілді. Барлық адамды бауырындай көрген ұлы Абай өсиет еткендей, бұл сый бізге бейбітшілік пен келісімді сақтауды міндеттейді. Қазақстанымыз әлемдік мәдениеттің орталығы болғанын қалаймын. Жер шарындағы барша адамзат бейбітшілік пен достықта өмір сүріп, бір-біріне өздерінің бай дәстүрлерін ашса және жаңа мәдени жауһарлар жасаса екен деп тілеймін, - деп қорытындылады Қазақстанның халық әртісі.

Сахнаның бейне рәсімделуі моноопераның үш бөлімінің терең мағынасын жеткізіп тұрды. Мұндай ерекше көркемдік көпір Абайдың тарихи дәуірін махаббат пен ақиқатты іздеу жайлы мәңгілік тақырыптармен байланыстырады. Бұл кеште фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың лауреаты, Шахимардан Әбіловтің тұрақты концертмейстері Әлияр Өтетілеу орындады.

Осыған дейін Президент ақын Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалағанын жаздық.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform