Астана жұртшылығы үшін спорт ғимараттары жеткіліксіз -Прокуратура

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Еліміздің Бас қаласында жұртшылық үшін спорт ғимараттары жеткіліксіз. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасына сәйкес қала аумағында орналасқан спорттық-сауықтыру кешендеріне тексеру жүргізген Астана қалалық прокуратурасы осындай қорытындыға келіп отыр. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

Прокурорлардың тексеру нәтижелері бойынша елорда аумағында 25 спорттық ғимарат қызмет ететіні анықталған. Оның 3-еуі ведомстволық болғандықтан, қалған тек 22 нысан ғана қала тұрғындарына дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін қызметтерін ұсына алады. «Бұл халық саны жыл сайын өсіп келе жатқан қала үшін әрине жеткіліксіз. Мәселен, астаналықтар саны 2010 жылы 574,4 мың адамды құраса, 2012 жылдың 1-қазанындағы жағдай бойынша 770,4 мың адамға жетті. Қазіргі жағдайда бұл спорт нысандары бір мезгілде 9851 адамды ғана қабылдай алады. Бұл тұрғындардың жалпы санының 1,2 пайызын ғана құрайды», - делінген баспасөз хабарламасында.