Астана жылыту маусымына дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың энергетикалық кешені 2014-2015 жж. жылыту маусымына толық дайын. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үй қорына жылу берілді.

Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа жылыту маусымына дайындық шаралары аясында ЖЭО-1, ЖЭО-2 нысандары, жылу және электр желілері, сумен қамту және су бұру желілерінде бекітілген кесте бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.

Қаланың энергиямен қамту нысандары отын қорының тиісті нормаларына сәйкес (690 641 тонна көмір мен 10 623 тонна мазут) отын материалдарымен толық көлемде қамтамасыз етілді. Тұрғын үйлерді, білім және денсаулық сақтау нысандарын автономды жылумен қамту қазандықтары 100% іске қосылды.

Жылу энергиясымен жабдықтаудың орташа тарифі - 2308,3 теңге/Гкал (ҚҚС-сыз), соның ішінде тұтынушылар топтары бойынша: тұрғындар үшін - 2094,23 теңге/Гкал (ҚҚС-сыз); басқа тұтынушылар үшін 2582,40 теңге/Гкал (ҚҚС-сыз).

Еске сала кетейік, өткен жылғы жылыту маусымында жылу энергиясының ең төмен бағасы 2013 жылғы қазан айында 43,85 теңге/м2, ал ең жоғары бағасы 2014 жылы қаңтарда 129,18 теңге/м2, (орташа бағасы 84,18 теңге/м2) құраған болатын. Тариф ауа температурасына байланысты өзгеріп отырады.

Айта кету керек, Астанада жыл сайын қыста орта есеппен 30 мың вагон көмір мен 280 цистерна мазут жағылады. Көмірдің ең көп шығыны қыста тәулігіне 12 476 тоннаны құрайды.