AstanaArtFest өнердің жаңа буынын біріктіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың туған күніне орай екінші жыл қатарынан Астанада AstanaArtFest қазіргі заманғы өнер фестивалі өтеді.4 шілдеде Нұржол желегінде алдағы ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбын ашатын «Humanenergy. Адам энергиясы» арт-шоуы ұйымдастырылады.

Шараға шығармашылық зиялы қауым, өнер әлемінің түрлі бағыттары мен жанрларының өкілдері, музыканттар, хореографтар және ғалымдар жиналады. Аталмыш шара қонақтар мен қатысушылар үшін ерекше мерекелік тарту болмақ. Олар өзара тәжірибе алмасып, жаңалықтармен, жаңа үрдістермен, қазіргі заманғы бағыттармен және жаңа арт-технологиялармен танысады. Шілденің 4-і мен 6-сы аралығында фестиваль алаңында ашық аспан астында бірегей инсталляциялар мен театрландырылған перфоманстар, сандық өнер павильондары және өнеркәсіптік дизайн, ашық Арт Форум және Медиапоэзия зертханасы жұмыс істейді, сәулетшілер мен медиа-суретшілердің көрмелері өтіп, диджейлер мен бишілер өнер көрсетеді.

Қатысушылардың басым бөлігі елордаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді, бұдан басқа, таяу шетелдік шеберлер де өз еңбектерін көрсетеді. Атап айтқанда, әдемі мүсіндер, балалар алаңдары. Барлық объектілер астаналықтарды жаз бойы қуантатын болады.

Шараға ниет білдіргендердің барлығы қатыса алады. Ол үшін алдымен дизайн, қазіргі заманғы өнер, сәулет, музыка және театр санаттары бойынша авторлық жобамен алдын ала өтінім беру керек. Өтінімдер жыл басынан бері қабылданды. Ұсынылған 300 жұмыстың ішінен соңында фестиваль көркін келтіретін 50-ге жуығы іріктеп алынды.

- Фестиваль - әрқашан да үлкен дайындықты қажет ететін жұмыс. Astana Art Fest шарасын кураторлардың кәсіпқой командасы дайындап жатыр, біз шығармашылық жұмыстардың үлкен конкурсын өткіздік. Биыл бәрі қатыспаса да, бұл әлі басы ғана деп ойлаймын. Бізде талантты адамдар бар, біз оларға қолдау көрсетуге тырысамыз. Астана әкімдігінің пайымдауынша, жобаның әлеуеті зор. Қазіргі заманғы өнер фестивалі жыл сайын өткізіліп, елорда үшін маңызды шара болып қалатынына үміттенеміз, - дейді фестивальді ұйымдастырушы Майра Измайлова.

Фестивальдің әр күні қонақтар үшін қызық болмақ, мұнда пікірталас, перфоманс-шоу, театрландырылған инсталляциялар,өнер әлеміндегі танымал тұлғалармен кездесулер және т.б. өткізіледі. Шараның құрметті қонақтарының ішінде ресейлік медиасуретшілер - Алексей Шульгин, Аристарх Чернышев, Ильдар Якубов және Василий Сумин бар.

Ұйымдастырушылар жыл сайын жаңа тосын сыйлар әзірлейді. Биылғы фестивальдің жаңалығы - медиапоэзия зертханасы. Көрермендер сөз бен музыканы біріктіретін жарқын импровизацияларды тамашалайды.

Мемлекеттік және тәуелсіз отандық театрлар блогы адамдарды өз ерекшеліктерімен таңғалдырмақ. Айта кетейік, барлық инсталляциялар алдағы ЭКСПО-2017 көрмесінің және оның компоненттерінің - су, күн және ауа энергиясы тақырыбында жасалады. Алаңға қойылған осы стихиялардың символдары - Тәңірі мен Қасқырдың бойшаң қуыршақтары қонақтарды қуантатын болады.

Көрермендер интерактивті шығармашылық перфоманстарды тамашалайды. Онда күн сәулесінің көмегімен фанераға түрлі-түсті суреттер салынады. Айта кетейік, шара барысында кез келген адам осылай сурет сала алады.

«ARTиШОК» Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз театры бірден екі перфоманс ұсынады - мобильдік «Ұлан-ғайыр дала субмаринасы» және стационарлық «Нағыз Астаналық». Соңғысы астаналықтардың тыныс-тіршілігінің қарқындылығына арналатын болады.

Ал республикалық неміс драма театры Нұржол желегінде қазақтың жер-ана тарихына, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі мен Қазақстан халқының көпұлттылығына арналған перфоманстар ұсынады. 

Фестиваль барысында Қазақстанда инклюзивті театрға қолдау көрсетуге ерекше назар аударылады. Осындай ұжымдардың бірі - Сергей Сонның қуыршақ театры да өз репертуарын ұсынады. 

Сонымен қатар, Қазақстан мен Еуропаның танымал диджейлері - Нариман Исенов, Рустам Оспанов, DJ Timoffey (Қазақстан), DJ, музыкант Дина Нұрпейісова (Германия-Қазақстан), DJМаnuelI (Швейцария), DJ Simone (Италия) қонақтардың музыкалық көңіл күйін көтереді.

Фестиваль 6 шілдеде ҚР Ұлттық музейінде өтетін Astana Art Fest Gala Night шарасымен аяқталады. Қазақстан, Швейцария және Ұлыбританияның бишілері ресейлік музыканттармен және режиссерлармен Шығармашылық Адамның  пайда болуы туралы аңызды кеш қонақтарының назарына ұсынады.