Астанада 1 000-нан астам бала түзету орталықтарында кезекте тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қалалық мәслихат отырысында мәлім етті.
— Қазіргі уақытта түзету кабинеттері, оңалту орталықтары және аутизм орталығында 1 000-нан астам бала кезекте тұр. Оның ішінде 560-ы аутизм спектрі бұзылысы бар балалар. Бұл кезекті азайту үшін психологиялық-педагогикалық қызметтерге мемлекеттік тапсырыс бөлу мәселесін қарастыру қажет деп санаймыз, — деді басқарма басшысы.
Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, алдағы жылдары инклюзивті білім беру инфрақұрылымын кеңейту көзделіп отыр.
— Келесі жылдары екі түзету кабинетін және бір аутизм орталығын ашу жоспарланып отыр. 2026 жылы бір түзету кабинеті мен аутизм орталығы, ал 2027 жылы тағы бір түзету кабинетін ашу жоспарымызда бар, — деді ол.
Сонымен қатар басқарма басшысы кадр тапшылығы мәселесіне де тоқталды.
— Арнайы білім беру ұйымдарында дефектолог, логопед, олигофренопедагог сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Бұл мәселені шешу мақсатында Абай атындағы университеттің филиалында арнайы педагогикалық факультет ашылды. Қазіргі таңда онда 90 студент білім алып жатыр, оның ішінде 40 студент Астана қаласы әкімдігінің гранты есебінен оқып жатыр. Олар оқуын тәмамдаған соң елорданың білім беру ұйымдарында кемінде үш жыл еңбек етуге міндетті, — деп атап өтті Қасымхан Сенғазыев.
Бұған дейін Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған 12 мыңнан астам бала бар екенін жазғанбыз.