Астанада 1 ай «Халық сенімі - полиция күші» атты акция өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында «Халық сенімі - полиция күші» атты акция өткізіледі. Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД-де өткен брифингте ІІД ӘПБ басшысының орынбасары Госман Жакин айтты.

Оның айтуынша, шараның мақсаты халық арасында учаскелік полиция инспекторларының беделін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту және қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды дер кезінде ауыздықтау. «Акция барысында учаскелік полиция инспекторлары отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас, жеке мүлікті сақтау шеңберіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерінде құқықтық көмек көрсету мақсатында халықпен басқөосу жиындарын өткізетін болады. Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар арасында әкімшілік учаскеге қызмет көрсететін учаскелік полиция инспекторы туралы толық ақпаратты, полиция бөлімшесінің телефон нөмірі мен мекенжайы бар есімхаттарды (визитка) таратып, әрбір пәтерді аралау барысында қандай да бір құқықбұзушылыққа байланысты жауапкершілікке тарту шаралары туралы ақпараттар жазылған буклеттерді үлестіреді», - деп атап өтті Г. Жакин. Сонымен қатар, оның мәліметінше, республика аумағында 2-6 наурыз аралығында тұрмыстық қарым-қатынас кезінде, мас адамдардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шаралары жүргізіледі. «Ішкі істер органдарының жұмыс тиімділігі көбінесе халықтың белсенділігіне, сондай-ақ олардың қылмыспен бірлесіп күресу мәселесін дұрыс түсінуіне байланысты. Қылмыспен күресу және құқық бұзушылықтарға қарсы әрекет ету жағдайлары тек полицияның күшімен ғана жүз пайыз оңтайлы болуы мүмкін емес. Оған әрбір азамат өзіндік үлесін қосса ғана нәтиже шығады», - деп атап өтті Г. Жакин.