№71 мектеп-лицей жобаланып жатқан «Батығай» тұрғын үй кешенінің аумағында, «Жағалау» шағын ауданында орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы - 12 700 шаршы метр, 4 га. аумақты алып жатыр.
«Оқу орнының аумағында балаларға арналған ойын алаңы, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ, биологиядан тәжірибелік сабақтар өткізетін алаң бар. Бұдан басқа, мектепте химия, биология, физика пәндерінен 2 зертхана және 4 лингафон кабинеті, 2 мультимедиялық кабинет, спорт залы, тренажер және акт залдары, кітапхана болады», - деп хабарлады astana.kz сайтына ведомстводан.
Оқушылар арасында бәсекеге қабілеттілікті дамыту үшін мектепке дейінгі дайындық топтары құрылып, логика, шахмат, тоғызқұмалақтан қосымша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, вокал, домбыра, сурет салу және би үйірмелері ашылады. 1-сыныптан бастап ағылшын тілі, 5-сыныпта қызықты математика, 7-сыныпта техникалық физика, биология мен химиядан қосымша сабақтар енгізіледі. Мектеп-лицейде қазақша күрес, дзюдо, волейбол, баскетбол, футбол сынды спорт түрлерінен секциялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Астанада мектеп хоккей лигасын құруға бастамашы болатын жасөспірімдердің хоккей клубы құрылады. Оқушы жастарды патриоттық тәрбиелеуге арналған мемлекеттік бағдарламаны тиімді жүзеге асыру және оларды Қарулы күштердің қатарында қызмет етуге дайындау мақсатында 2013-2014 жж оқу жылынан бастап әскери-патриоттық клуб және кадеттер сыныбы ашылады.