Астанада 1 мыңнан астам орынға есептелген жаңа 4 балабақша ашылады

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы күндері Астанада жаңа тағы 4 балабақша есіктерін айқара ашады.

Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, барлығы 1040 орынға арналған төрт жаңа балабақша іске қосылады. Олар: Комсомольский кенті, Домалақ Ана көшесінде орналасқан - «Мерей»; Беляков көшесінен орын тепкен - «Қарақат»; Заречный кентінің 24-ші және 37-ші көшелерінің қиылысында тұрғызылған - «Береке» және Ақ мешіт пен Алматы көшелерінің қиылысында бой көтерген - «Нұр-Ай» балабақшалары.

Мектепке дейінгі аталмыш білім ордаларына балаларды орналастыру ағымдағы жылғы тамыздың 4-13 аралығында жүргізіледі.

Жолдамаларды үлестіру бойынша комиссия сенбі мен жексенбіден басқа күндері Конституция көшесі, 44-те (№26-шы бастауы мектеп) жұмыс істейтін болады.

2008 жылы туылған балалары бар ата-аналарды қабылдау тамыздың 4,5 күндері (барлығы - 140 орын), 2007 жылғылар үшін қабылдау - тамыздың 6,9 (275), 2006 жылғылар - 10,11 (375) және 2005 жылы дүниеге келген бүлдіршіндер үшін қабылдау тамыздың 12,13 (250) күндері жүргізіледі.

Сондай-ақ әкімдіктен хабарлағандай, бұған дейін «Самұрық» балабақшасына жіберілген балалар «Еркетай» балабақшасына қайта орналастырылып отырғандықтан, аталмыш екінші балабақшаға балаларды қабылдау жүргізілмейді.

Айта кетейік, Астанада бүгінгі күні балабақша кезегінде 6 жасқа дейінгі барлығы 35 мың бала тұр. Мектепке дейінгі біліммен қамтылғандардың саны - 16 мың. Елбасының балабақшалар санын арттыру тапсырмасына сәйкес қолға алынған шаралардың нәтижесінде барлық өңірлерде сияқты Астана қаласында да мектепке дейінгі нысандардың саны артып келеді. Мәселен, елордада жыл басында 39 мемлекеттік балабақша жұмыс істесе, қазіргі уақытта олардың саны 48-ге жетті. Сонымен бірге 5 жекеменшік мекемелер ашылды, олар - 27.

Сондай-ақ еске сала кетейік, Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен 2010 жылғы сәуір айынан бастап 1 мың балаға мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс орналастырыла бастады. Алдағы қыркүйекте балалардың саны тағы 1975-ке арттырылады. Мемлекеттік тапсырыс алған балабақшаларға бір бала үшін бюджеттен айына 11 896 теңге аударылады. Қажетті қалған соманы ата-аналардың өздері өтеуі тиіс.