Астанада 1 мыңнан астам шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер «Заңсыз келуші» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындыларын шығарды.

Бұл туралы Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Шара барысында 1139 әкімшілік заңбұзушылық анықталды. Мәселен, 1081 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, әкімшілік соттың шешімімен 10 шетелдік ел аумағынан шығарылды, ал 188 шетел азаматының Қазақстанда жүруге негізі болмағандықтан уақытша жүру мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ, көші-қон заңнамаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының 58 азаматы әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың 12-сі шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін айыпты деп танылды.

Аталған жедел-алдын алу іс-шарасы барысында көші-қон заңнамаларын көрінеу бұзғандарды анықтау шаралары да белсенді жүргізілді.

Мәселен, Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері 38 жастағы Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Ол ел аумағынан кету жөніндегі Астана қалалық әкімшілік сотының өкімін қасақана орындамаған болып шықты. Сол себепті бұл азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 330-1-бабы бойынша (ҚР Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, шара барысында елордалық полицейлер іздеуде жүрген 7 қылмыскерді қолға түсірді.