Астанада 1-сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық кеңестер берілді
Айта кетейік, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен Отбасылық тәрбиелеу институты ұйымдастырған конференция бүгін Қазақстанның барлық мектептерінде өтіп жатыр. Онда психологтар мен педагогтар баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет-тәуелділіктің алдын алу, деструктивті діни ағымдардан сақтау, оқуға бейімдеу және отбасылық құндылықтарды арттыру жөнінде кеңес береді.
«Биыл 1 қыркүйекте Қазақстандағы жалпы білім беретін 7024 мектепке 3 миллионнан астам бала келді. Оның ішінде 350 мыңнан астамы 1-сыныпқа қабылданды және бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Министрлік үшін 3 миллионнан астам оқушының ата-анасымен жиналыс өткізіп, жалпы адами және отбасылық құндылықтарды дамытуға бағытталған жиналыстар өткізу маңызды», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов №54 мектеп-лицейде өткен конференцияда.
Алдағы екі айда мұндай тренинг барлық сыныптардың ата-аналары үшін ұйымдастырылады. Атап айтқанда, 9 қыркүйекте - 10,11-інші сыныптар, 22 қыркүйекте - 5,6,7-ыншы сыныптар, қазан айында - 3,4-інші және 8,9-ыншы сыныптар үшін ата-аналар конференциясы өтеді.
Сондай-ақ жиналысқа келген психологтар мектепке жаңа қабылданған балалардың ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
«Бастауыш сынып - ересектер әлеміне жасалған алғашқы қадам. Баланың болашақта кім болатыны, қандай болатыны осы кезеңге байланысты. Жаңа ортаға түскен бірінші сынып оқушысы өте эмоционалды болады. Тез шаршайды, зейіні тұрақсыз болады. Сондықтан, баланың бейімделу кезеңіне байыппен қараған жөн. Ешқашан ұлдар мен қыздарды салыстырмаңыз және бірін екіншісіне үлгі етпеңіз. Биологиялық жас бойынша қыз бала ер баладан ересек келеді. Олардың кеңістікті тануы мен қабылдауы әртүрлі. Түптеп келгенде, балаларды тәрбиелеу, оқыту әртүрлі болса да, бірдей жақсы көру - сіздің міндетіңіз», - деді №54 мектеп-лицейдің психологы Құралай Стамқұлова.
Сонымен бірге, психолог солақай балаларды күштеп оң қолға үйретпеу қажеттігін ескертті. Мұндағы бар мәселе қолда емес, мидың құрылысында.
№54 мектеп-лицейдің директоры Шәкәрім Сейсенбай ата-аналарды балаларының алғашқы қадамымен құттықтап, олардың отбасылық атмосферадан шығып, жаңа ортаға келіп жатқанын атап өтті.
«Жаңа орта, жаңа адамдар және жаңа мұғалімдер баланы түрлі қиындықтарға кезіктіруі мүмкін. Тұйық мінезді балалар тағы бар. Мұнда мектеп әкімшілігі, мұғалімдер мен ата-ана үштағаны маңызды рөл ойнайды. Бала мектепке дейін отбасымен уақыт өткізсе, мектептегі уақытын мұғаліммен өткізеді. Ал мектеп әкімшілігі балаға жақсы жағдай мен білімнің берілуін қамтамасыз етеді. Биыл мектебімізде 2600 бала білім алуда. Әйтсе де, әр балаға жеке уақыт бөліп, барлық мәселені талқылауға дайынбыз», - деді мектеп директоры.
Сонымен бірге, директор баланың академиялық жетістіктерінен гөрі, дұрыс тәрбие алуына зер салу қажеттігін ескертті.
«Барлығымыз баланың отбасына сүйіспеншілігі артсын, ата-ананы, мұғалімдерді, қоршаған ортаны сыйласын деп өсіреміз. Бірақ, көп жағдайда тәрбиені шетке ысырып, академиялық нәтижелерді алға қоямыз. «Беске оқысаң, демалыста киноға апарамын» немесе «тоқсанды беске аяқтасаң, Айфон әперемін» дейтін ата-аналар бар. Бала автоматты түрде жоғары бағаға ұмтылады. «Жақсы баға алсам ғана, ата-анам мені сыйлайды. Нашар оқысам, ата-анам жақсы көрмей қалады» деген психологиялық қысымға ұшырайды. Осы жерде ата-ана мен мектептің тығыз байланыста жұмыс істеуі маңызды. Осындай конференциялардың өтуі де мектеп пен ата-ана арасын жақындату үшін ұйымдастырылады», - деді Ш. Сейсенбай.