Астанада 1 тамыз күні бос орындар жәрмеңкесі өтеді

АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарт - 1 тамызда Железнодорожный тұрғын үй массивінде бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, жәрмеңкенің негізгі міндеттері - азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оларға әлеуметтік қорғау шаралары және еңбек нарығындағы ахуал жөніндегі ақпараттар ұсыну.

«Сонымен қатар, жәрмеңкеде Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары түрлі мәселелер бойынша кеңес береді, қайта оқыту және жаңа мамандық алу, оқу орындарының түлектеріне жастар тәжірибесінен өту мүмкіндіктері туралы айтады", делінген ақпаратта.

Астана қаласының Еңбекті қорғау басқармасының қызметкерлері қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңес береді, ал Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының мамандары зейнетақы мен жәрдемақы алуға құжаттарды жинақтау тәртібі туралы айтады.

Жәрмеңке Жамбыл Жабаев, 20 мекенжайында орналасқан әкімдік ғимаратында сағат 10.00-ден 13.00 дейін өтеді.