Астанада 100-ден астам адамға автокредит рәсімдеткен қылмыстық топ ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында қаржы пирамидасын құрып, алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушыларына қатысты айыптау үкімі шығарылды.

Фото: видеодан алынған скрин

Сотта қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адамның болғаны және олардың әрқайсысының өзара нақты бөлінген міндеттері болғаны анықталды.

Қалалық прокуратура мәліметінше, топ мүшелері азаматтарды 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы төленетініне сендіріп, автокредит рәсімдеуге көндірген. Сонымен қатар несие бойынша міндеттемелерді өздері өтейтініне уәде еткен. Алынған автокөліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығарылған.

Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 100-ден астам азамат жәбірленуші деп танылып, барлығы 165 автокөлік рәсімделген.

Сот үкімімен кінәлілер ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі шамамен 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемаларын анықтады.