Астанада 100 мың адам көше сыпырып, ағаш егуге шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана - таза әрі қауіпсіз қала» акциясының аясында 21 сәуір мен 12 мамыр аралығында сенбілік өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат  елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Астана әкімдігінің мәліметі бойынша, сенбілікке 100 мыңнан астам адамды қатыстыру жоспарланған. 1 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорын, 49 жоғары және орта арнаулы оқу орны, 184 мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекеме, 73 денсаулық сақтау мекемесі, 152 мемлекеттік мекеме, ведомстволар мен ұлттық компаниялар жұмылдырылады, 560 техника тартылатын болады. Қатысушылар күрек, тырма, қолғап, қоқыс салатын қапшық сияқты құралдармен қамтамасыз етіледі. 

Сонымен қатар Астана әкімдігі «ЕСО Астана айлығы» жобасын іске қосты, онда 4 бағыт бар: «Біз достық пен таза аула үшін!», «ЕСО university», «ECO college» және «ECO school». Жоба - қала экологиясын жақсартуға және өскелең ұрпақтың азаматтық белсенді позициясы мен экологиялық мәдениетін қалыптастыруға шақырады. 

Бұдан басқа, санитарлық тазалау бойынша «Бөлек жинау» іс-шарасын өткізу жоспарлануда. Мақсат - Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің жағалауын тұрмыстық және өндірістік қалдық заттардан тазалау. Бұған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттерін, еріктілер мен әскери бөлімнің әскери қызметшілері жұмылдырылады. 

Қала әкімдігі абаттандыру ережесін сақтамаған нысандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 505-бабына сәйкес «қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша айыппұл салынатынын ескертеді.

Қаладағы барлық құрылыс нысандарын 29 наурызда тексеру барысында 44 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылды. Жыл басынан бері құрылыс алаңдарында санитарлық талапты сақтамағаны үшін 87 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапқа тартылды.