Астанада 100 түп ағаш егілді

АСТАНА. KAZINFORM — «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында елордада «Ұлттық ағаш егу күндері» басталды. Оның аясында 100 түп ағаш егілді.

Фото: видеодан алынған скрин

Бұл бастама Халықаралық экологиялық конференцияның практикалық жалғасы болды және экологиялық мәдениетті дамытуға және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдауға бағытталған.

Фото: видеодан алынған скрин

Жаңа көшеттер «Шарапат» әлеуметтік орталығы маңындағы аллеяға егілді.

Фото: видеодан алынған скрин

— Бұл науқан Мемлекет басшысының кешегі Жолдауында айтылған басымдықтармен де үндеседі. Атап айтқанда, елдің болашағы мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік идеясына мән беріледі. Әсіресе аға буын мен жас ұрпақ бір игі іске жұмылып отыр. Оларды біріктіретін ортақ мақсат — айналаны көгалдандыру, — деді «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының жетекшісі Темірлан Мақубаев.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, экологиялық әл-ауқат нақты әрекеттерден басталады. Табиғатты қорғау, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру және жастарды экологиялық бастамаларға тарту — тұрақты болашаққа қосылған маңызды үлес.

Фото: видеодан алынған скрин

— Астана қаласы әкімдігінің кеңесі бойынша солтүстіктегі суық аймақтарға төзімді Недзвецкий алма сортын таңдадық. Сонымен қатар, ағаш отырғызумен ғана шектелуге болмайтынын да айтқым келеді. Оны күтіп-баптау да өте маңызды. Біз қанша ағаш отырғыздық деп емес, соның қаншасы жерсінді деп сұрауымыз керек. Бұл үшін алдағы екі жылға жауапкершілік аламыз. Апта сайын келіп, оларға күтім жасап, қарап, соңына дейін өсіреміз. Жалпы «Таза Қазақстан» аясында соңғы үш жылда 3 мыңнан астам көшет ектік, — дейді экобелсенді Нұрдәулет Мұхтарбек.

Фото: видеодан алынған скрин

Айта кетейік, Павлодар өңіріндегі орман шаруашылықтарында 3 миллионнан астам ағаш егілді.

Ал Қостанайда жыл басынан бері 15 миллионнан астам ағаш егілген.