Шараның алғашқы күнінде түрлі құқық бұзушылықтарға байланысты 77 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді. Кәмелетке толмаған балалардың 33-і және ересектердің 38-і әкімшілік шараларға тартылды.
Кеше қаланың барлық білім беру мекемелері, компьютерлік клубтар, интернет-кафе, ресторандар, сыраханалар мен түнгі клубтар тексеріске алынды. Түн жамылғанда ойын-сауық орындарында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жүруіне жол берген 5 лауазымды тұлға және 11 ата-ана әкімшілік жазаға тартылды.
Ал «Алан» дәмханасында 1989 жылы туған ер кісі 17 жастағы қызбен бірге алкогольді ішімдік ішіп отырған жерінде ұсталып, полицейлер оған қатысты «Кәмелетке толмаған жасөспірімді алкогольді ішімдік ішуге баулыды» деген бап бойынша материал дайындап, істі сотқа жіберді.
Шараның мақсаты жасөспірімдер арасындағы жасалатын қылмыстардың алдын алып, олардың есірткі мен спиртті ішімдіктерді пайдалану жағдайларына тосқауыл қойып, оқуға бармай жүрген жастарды анықтау болып отыр. Сонымен қатар аталмыш шара аясында жасөспірімдерге темекі мен спиртті ішімдіктер сату әрекеттерінің алдын алу мақсатында рейдтер ұйымдастырылады.