Астанада 11 айлық нәресте өлімінің себебі анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов 11 айлық сәбидің өлімі бойынша тергеу нәтижесі шыққанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нәрестенің өліміне жүрек-қан тамыры, өкпе және орталық-жүйке жүйесінде туғаннан пайда болған ақау себеп болды», - дейді департамент басшысы С. Байғабылов.

Оның айтуынша, оқиғаға қатысты кешенді сараптау жүргізіліп, сонымен қатар стационардағы медициналық қызмет көрсетудің барлық кезеңі бойынша дәрігерлердің әрекетіне баға берілді. Сондай-ақ, тексеру жұмыстары медициналық қызмет көрсету тактикасы және емдік іс-шара жүргізу туралы хаттамаға сәйкес жүргізілді.

Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың қаңтар айында Астанада 11 айлық нәресте жүрек ақауы мен гангренадан қайтыс болған еді. Орын алған оқиғадан соң департамент басшысы Сәдуақас Байғабылов ол бойынша тиісті тексеріс пен сараптама жүргізілетінін және іс өзінің ерекше қадағалауында болатынын айтып өткен болатын.