Астанада 11 мемлекеттің цирк өнерінің майталмандары бас қосады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Астананың 20 жылдығына орай елордада «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Басқарма таратқан мәліметтерге қарағанда, жыл сайын Астананың туған күніне орай елордада ондаған түрлі шара ұйымдастырылады. Оның ішінде фестивальдер, концерттер мен конкурстар бар. Осы шаралардың басым бөлігін өткізу игі дәстүрге айналған. Ал, «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі Орталық Азияда өтетін біргей шара.

Фестиваль шілденің 4-і мен 8-і аралығында өтеді және онда цирк өнерінің ең мықты деген артистері өздерінің үздік жетістіктерін көпшілік назарына ұсынады.

Астаналық цирк күмбезінің астында екі конкурстық бағдарлама аясында 12 мемлекеттен 60-тан аса артист өнер көрсетеді! Биыл Астанаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Вьетнам, Ресей, Беларусь, Франция, Канада, Никарагуа, Эфиопия және Венгрия елдерінің цирк өнерінің майталмандары бас қосады.

Цирк индустриясы мен мәдениет қайраткерлерінен құрылған халықаралық төрешілер командасы қатысушылардың шеберлігін бағалайды.

Қазылар алқасының төрағасы - «Астаналық цирк» МКҚК бас директоры, ҚР еңбек сіңірген артисі Ерік Жолжақсынов. Бұдан басқа, қазылар алқасының құрамына Украина ұлттық циркінің директоры, КСРО халық артисі Людмила Шевченко (Украина), Беларусь Мемлекеттік циркінің директоры Владимир Шабан (Беларусь), Монте-Карлодағы Халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилс (Монте-Карло), «Латино» халықаралық цирк фестивалінің президенті Фабио Монтико (Италия), Велки циркінің бас директоры Джерзи Козиак, Майамидегі Фаербёрд продакшн компаниясының президенті Петр Дубинский, «Ереван циркінің» көркемдік жетекшісі, бас директоры Сос Иосиф Петросян (Армения), Саха Республикасының «Марфа және Сергей Расторгуевтар атындағы Мемлекеттік циркінің» директоры Сергей Расторгуев (Якутия), Украина Мемлекеттік цирк компаниясының директоры әрі көркемдік жетекшісі Сергей Кабаков (Украина), «Цирк артистерінің ассоциациясы» қоғамдық ұйымының мүшесі-құрылтайшысы Лолита Липинска (Латвия), Түрікмендік цирк директоры Иламанов Аннамухаммед (Түркменстан), Қазақ Мемлекеттік циркінің директоры - көркемдік жетекшісі, мәдениеттанушы Бақыт Бөкебаев (Қазақстан) және «Оңтүстік-Цирк» бас директоры Арман Әлиев (Қазақстан) енді.

Мұнымен қоса, құрметті қонақ ретінде фестивальға Венгриядан танымал піл үйретуші Ричард Такас пен Украинадан шоу-бағдарламалардың жетекшісі Виктория Гриценко шақырылды.