«1 қаңтардан қыркүйекке дейін жарнама таратушылар 241 жаңа хабарлама берді. Оның 119-ы есепке алынды, 95-іне ескерту жіберілді. Астана аумағының көрнекі жарнамасын орналастыру қағидаларын іске асыру аясында басқарма мемлекеттік кірістер департаментінің, қалалық орта сапасын бақылау басқармасының, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының, аудан әкімдіктерінің мамандарымен бірлесіп, хабарламастан орнатылған сыртқы көрнекі жарнама объектілерін және ғимарат иелерінің келісімінсіз орналастырылған көрнекі жарнама объектілерін анықтау жұмысын жүргізіп жатыр», – деді Астана қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғаббас Берғалиев баяндама жасады.
Оның айтуынша, қаланың бірнеше көшесінен тиісті органдарға хабарламастан орнатылған 1 252-ден астам сыртқы көрнекі жарнама табылған.
«Осы мәселе бойынша жарнама таратушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 602 жарнама нысаны жойылды», - деді Ғаббас Берғалиев.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бұл мәселенің жыл сайын қайталанып келе жатқанын еске салып, қаланың көрінген жеріне «дөңгелекті жарнама» орнатуды кәсіпке айналдырып алған тұлғаларды анықтауды ұсынды.
Сондай-ақ, елорда көшелеріне атау беру мәелесі сылбыр жүріп жатқанын сынға алды.
«Өзі айналдырған 1500 көше бар. Соның әлі 300-ден астамына атау беріп үлгермегенсіздер. Ширақтау қимылдау керек», - деді мәслихат хатшысы.
Отырысқа қатысушылар мәселені кезектен тыс президент сайлауынан кейін тиісті органдардың өкілдерінің түгел қатысуымен қайта қарау керек деген шешімге келді.