Көрмеге археологиялық зерттеулер барысында табылған түркілердің көптеген жәдігерлері, тарихи-мәдени мұрасы қойылған. Онда Қарлұқ, Қарахан және Қыпшақ мемлекеті сияқты ортағасырлық мемлекеттердің мәдениетіне тиесілі тас мүсіндер, түрік руна жазбалары мен басқа да археологиялық артефактілер ұсынылған.
«Бұл артефактілер Шығыс Қазақстаннан, ОҚО, БҚО, Отырар қаласынын жиналған. Олардың саны шамамен 200-ден асады. Мәселен, 20-дан астам алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар, оншақты қыш құмыралар, антропологиялық мүсіндер, Қаратаудан келген тас мүсіндер, қару-жарақ, ат әбзелдері, сауыт-тұрмандар бар. Батыс Қазақстаннан келген топтаманың өзі 100-ден асады. Қыпшақ жауынгерінің бір өзіне жеке көрме жасауға болады», - дейді жобаның ғылыми кеңесшісі, «Назарбаев орталығының» ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Айман Досымбаева.
Дегенмен, оның айтуынша, ең басты мәселе санда емес, тұтас бір жинақы көрме ұйымдастыру болған. «Бұл жәдігерлер I-XII ғасырларды, яғни 1200 жылдық тарихи кезеңді қамтиды», - деп атап өтті ол.