Инвестор құқығын қорғау: Астанада 2,5 млрд теңгенің үш жобасы жүзеге асатын болды
АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың Сарыарқа ауданында 138 инвестордың құқығы қорғалды. Бұл туралы Сарыарқа ауданы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Тархан Закарин мәлім етті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, прокуратура органдары инвестициялық жобалардың іске асырылуына қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда. Биыл жалпы сомасы 779 млрд теңгені құрайтын 49 проблемалық жоба бойынша мәселелер шешімін тапты. Соның нәтижесінде 9 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде Сарыарқа ауданында құны 2,5 млрд теңге болатын үш жоба оң шешімін тапты. Нәтижесінде 138 инвестордың, оның ішінде 15 шетелдік инвестордың құқығы қорғалды, – деді Тархан Закарин.
Оның айтуынша, прокуратура араласқаннан кейін жерасты суы мен пайдалы қазбаларды пайдалануға қатысты кедергілер жойылып, инвесторларға құрылысқа рұқсат берілген. Бұл өз кезегінде бірқатар инвестициялық жобалардың тоқтап қалу қаупін жойды.
Сондай-ақ прокурордың айтуынша, тағы төрт инвесторға бұрын берілмеген жер телімдері бөлінді. Соның арқасында инвесторлар көпфункционалды мектептер, қонақүйлер мен сауықтыру орталықтарын салу жобаларын жалғастыруға мүмкіндік алды.
Еске сала кетейік, елімізде келесі жылдан бастап «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады.