Бұл туралы бүгін Өңірлік даму министрлігінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелеріне арналған кеңесте мәлім болды.
Министрліктегі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Бауыржан Смағұловтың айтуынша, Елбасы тапсырмасына орай, Астана қаласы бойынша жерді түгендеу жұмыстары жүргізілген. «Жерді түгендеу нәтижелеріне сәйкес, Астана қаласы аумағында ауыл шаруашылығы мен коммерциялық нысандар салуға арналған 14 мың гектарды құрайтын 645 жер учаскесі пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оның ішінде жалпы аумағы 2 мың гектарды құрайтын 142 жер учаскесі биыл анықталып отыр», - дейді Б.Смағұлов.
Оның айтуынша, тексерулер нәтижесінде жапы аумағы 1,6 мың гектарды құрайтын 52 жер учаскесі сот тәртібімен мемлекеттік меншікке өткен. Ал соттардың қарауында әлі 2,9 мың гектарды құрайтын 58 жер учаскесінің мәселесі жатыр.
«5,7 мың гектарды құрайтын 362 жер учаскесінің иелеріне жазбаша ескерту хаттары жолданды. Жер кодексінің 94 бабына сәйкес, осындай жер учаскелері берілгеннен соң олар пайдаланылуы қажет, ал ондай жерлердің игерілмеуі жағдайында жер сот тәртібімен мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады. Ал ескертуден соң жалпы аумағы 2 мың гектарды құрайтын 31 жер учаскесін иелері игере бастады», - дейді Б. Смағұлов.