Астанада 15 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы игерілмеген

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада бюджет қаражатын игермеген басқармалар мәселесі көтерілді.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының елорданың 2025 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есепті бекітуге арналған сессиясында қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Кендебай Адамбек айтты.

— Астанада бюджет қаражатын игеру деңгейі 99,3%-ды құрады. Бір қарағанда, 0,7% аз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл шамамен 15 млрд теңге. Сонда шамамен осындай қаржы игерілмеген, — деді спикер.

Тұрақты комиссия төрағасының сөзінше, құрылыс саласына жауапты басқарма, білім беру саласына жауапты басқарма, сондай-ақ төтенше жағдайлар департаменті бюджетті толық игермеген.

— Білім беру саласындағы бюджеттің толық игерілмеуі балабақшалардағы балалар санының азаюы және мектептер бойынша жоспарланған көрсеткіштердің нақты орындалмағанынан болып отыр, — деді спикер.

Ол бюджет қаражатының игерілу мәселесі тұрақты түрде қаралатынын атап өтті. Биыл жыл басында бюджет кодексіне сәйкес тиісті талдау жүргізіліп, мүдделі басқармалардан ақпарат алынған, сондай-ақ депутаттық сауалдар жолданған.

Оның айтуынша, кей жағдайларда жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қабылданып, бірқатар қызметкер қызметінен босатылған. Дегенмен депутат негізгі мақсат жазалау емес, мұндай жағдайлардың алдын алу екенін айтты.

Сонымен қатар ол әкімдікке бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процесін күшейтіп, бақылауды арттыру қажеттігін ескертті.

Бұған дейін Парламент былтырғы бюджеттің игерілуін қарайтыны жайлы жазған едік.