«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш жолда вагондарды кәсіпорындардың кірме жолдарына, оның ішінде 2-ші жылу электр орталығына да вагондарды жеткізу қызметі атқарылады. Бұл арқылы стансаның кіре берісіндегі кептелістер барынша азаятын болды.
«Кезінде жолдың сапалық жағдайының, жүру жылдамдығының төмендігіне байланысты онда қозғалыс тоқтатылған болатын»,- дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы -Астана стансасының бас инженері Бақытхан Әбеуов.
Оның айтуынша, 2015 жылы жолдың жоғарғы қабаты төселіп, орташа жөндеу жасалып, қозғалыс қалпына келтірілді. Оған қоса алғанда, Астана стансасын жаңғырту бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Бағыттауыш бұрмалар Р-65 типті жаңасына көшірілді. Ағаш шпалдар темірбетон түрлерімен алмастырылды. Оған Desic бағыттауыш бұрмаларды орналастыру қондырғысы қолданылды.
Мұндай шаралар пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтап, техникалық қондырғылардың сенімділігін көтереді. Астаналық станса мамандарының еңбек қатынасын жақсартады.