Астанада 1,7 млн теңге мемлекеттік грантты кімдер ала алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттар бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. 2026 жылы бұл сома 1 млн 730 мың теңгені құрайды.

Фото: Еңбек министрлігі

Мемлекеттік грант шағын бизнесті дамытуға, азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Грант қаражатын құрал-жабдықтар мен техника сатып алуға, мал, тұқым және көшет алуға, өндірістік үй-жайларды жалға алуға, сондай-ақ бизнес-жобаны жүзеге асыруға қажетті өзге де шығындарды жабуға пайдалануға болады.

Алайда қаражатты жеке қажеттіліктерге жұмсауға, тұрғын үй сатып алуға, несиелер мен басқа да қарыздарды өтеуге пайдалануға рұқсат етілмейді.

Грантқа атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, асыраушысынан айырылған азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған тұлғалар, қоныс аударушылар және қандастар үміткер бола алады.

Бағдарламаға қатысу үшін өтінім беруші жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкер болуы қажет. Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтағанын растайтын сертификаты болуы тиіс.

Үміткер бизнес-жоспар әзірлеп, онда жобаның сипаттамасын, қаржылық есептерін және күтілетін нәтижелерін көрсетуі керек.

Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы директоры Олжас Омардың айтуынша, мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жүргізілетін тексеру кезінде бірқатар азаматтардың өтінімдері автоматты түрде кері қайтарылады.

«Еңбек шарты бойынша ресми жұмысы бар азаматтар, несиелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалар, бұрын жұмыспен қамту немесе кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында мемлекеттік грант немесе микрокредит алған азаматтар конкурсқа қатыса алмайды. Сондай-ақ банкрот деп танылған адамдарға, зейнеткерлерге және өтінім бергенге дейінгі алты ай ішінде жеке кәсіпкерлігін жапқан тұлғаларға грант берілмейді. Егер кәсіпкерлік қызмет лицензияны талап етсе және үміткерде тиісті лицензия болмаса, бұл да бас тартуға негіз болады», – деді ол.

Биылдан бастап грант алушылар үшін жаңа талаптар енгізілді. Бұрын жобаларды бақылау мерзімі бір жыл болса, енді мониторинг екі жыл жүргізіледі.

Сонымен қатар грант иегері алғашқы 18 ай ішінде кемінде бір жаңа жұмыс орнын ашып, Мансап орталығы жіберген азаматты тұрақты жұмысқа қабылдауы тиіс.

Тағы бір жаңашылдық – есептіліктің күшеюі. Енді кәсіпкерлер business.enbek.kz порталы арқылы екі жыл бойы әр үш ай сайын бизнес-жобаның жүзеге асырылуы туралы есеп беріп отырады.

Ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында грант иелері, іске асырылып жатқан жобалар және құрылған жұмыс орындары туралы мәліметтер жыл сайын 10 сәуірге дейін жарияланып отырады.

Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу ашық форматта жүргізіледі. Комиссия құрамы әр кезең сайын толық жаңартылып, отырыстар міндетті түрде аудио және бейнежазбаға түсіріледі. Өтінімдерді қарау процесі тікелей эфирде көрсетіледі.

Қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін комиссия жұмысына депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық ұйымдар мен бизнес қауымдастықтардың өкілдері тәуелсіз бақылаушы ретінде қатыса алады.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы шағын гранттар байқауының жеңімпаздары анықталды.