Ербол Мырзабосынов балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
-Қазақстан үшін балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Біз спортты болашақ спортшыларды тәрбиелеудің мүмкіндігі ретінде ғана қарастырмаймыз. Ең алдымен, бұл балалардың денсаулығы, тәртібі және әр балаға тең мүмкіндік беру, – деді министр.
Бүгінде Қазақстанда 1,8 млн бала мен жасөспірім, яғни олардың 34,6%-ы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздегі тиісті жастағы балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 5 312 465 адамды құрайды.
Министрлік балалардың спорттағы қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөледі. 2025 жылы балалардың спорттық жарыстарға қатысуына жас ерекшеліктеріне байланысты шектеулер енгізілді. Олар спорт федерацияларының ұсыныстары ескеріле отырып әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігімен келісілді және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда шамамен 400 мың бала мен жасөспірім спортпен шұғылданады. Биылдан бастап балалар спортына бөлінетін қаржы көлемі екі есеге жуық арттырылды.
Осыған байланысты тараптар Астанадағы Ботаникалық бақ аумағында 20 қыркүйекте өтетін «Astana UNICEF Race 2026» қайырымдылық жүгірісіне дайындық мәселесін жеке талқылады.
Спорттық іс-шараға шамамен 1700 адам қатысады. Оның ішінде 1500 ересек және 200 бала бар. Бағдарламада 2, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар қарастырылған. Қайырымдылық жүгірісін ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы, Астана қаласының әкімдігі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігі ұйымдастырады.
Кездесу барысында ұйымдастыру мәселелеріне, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, балаларға қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударылды.
-Мұндай іс-шара азаматтарды белсенді өмір салтына тартумен қатар, қоғамды маңызды әлеуметтік бастамалардың төңірегіне біріктіреді. Алдағы іс-шара елеулі оқиғаға айналып, бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға өз үлесін қосатынына сенімдімін, – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжатта бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдердің спортпен қауіпсіз айналысуына жағдай жасау, балалардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Осыған дейін Ербол Мырзабосынов Қазақстанның моңғол туристері мен серіктестері үшін ашық екенін айтқан болатын.