Астанада 18 мыңнан астам бала алғаш рет мектепке барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық бүлдіршіндердің алғашқы сабағы елорданың 20 жылдығына арналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астаналық бір ғана №54 мектеп-лицейінің бірінші сыныбына 300 бала барады. Мектеп директоры Шәкәрім Сейсенбайдың айтуынша, оқушылар алғашқы сабақта қаланың тарихы мен даму жолы туралы баяндап, көрікті жерлерімен  және шаһарда өткен ерекше шаралармен бөліседі.

«40 минутқа жалғасатын сабақтың үстінде балалар білім еліне қызықты саяхатқа аттанады, қаланың пайда болу тарихымен танысады. Сондай-ақ, арнайы кабинетте танымдық ойындар өткізіледі. Биыл жалпы 10 сынып ашуды жоспарлап отырмыз, әрқайсысында 30 баладан оқитын болады», - деді Ш. Сәрсенбай

Білім басқармасының мәліметінше, биылғы жылы қала бойынша бірінші сыныпқа 18 мыңнан астам бала барады. 150 мыңнан астам оқушы қала мектептерінде білім алуға дайындалып жүр.

Қазіргі таңда Астана бойынша 105 мектеп жұмыс жасайды. Олардың қатарында  мемлекеттік мектептер саны - 85,  кешкі - 1, жекеменшік- 15, республикалық маңызы бар 4 мектеп бар.