Астанада 18 проблемалы құрылыс объектісі бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Menin Elim Dala» бастамашыл тобының қатысуымен нақты құрылыс мәселесі бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдікке сілтеме жасап.

Қалада нақты құрылыстың 18 негізгі проблемалы объектісі бар.

13 нысан бойынша мәселе тұрғындардың пайдасына шешіледі, яғни ТК маңында мектептер, медициналық орталықтар, балабақшалар, қоғамдық кеңістіктер болады.

Қалған 5 нысан бойынша сот және келіссөз жүріп жатыр.

Мысалы, Байтұрсынов көшесі, 7 (Хайвил ТК) мекенжайында жер учаскесінде бұрын айтылғандай, көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады.

Сондай-ақ, Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында, яғни «Хайвил» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында тағы бір жалпы білім беретін мектеп салынады.

Күмісбеков көшесі, 9/2 үйінің жанында 21 қабатты ТК және паркингтің орнына гүлзар салынады.

«Sport Towers» ТК тұрғындарының өтініші бойынша екі мектеп салынады (Alpamys ТК мен Alau ТК арасында және Барыс-Арена мұз айдынына оңтүстік бағытта).

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берілді, оның ішінде құжаттарды нормаларға сәйкес келтіру, «Menin Elim Dala» ҚБ жауаптарын ұсыну және басқа мәселелер бар.


Фото: gov.kz