Астанада 1990 жылдың 20 қаңтары күні Бакуде болған оқиғаларға қатысты Бүкілхалықтық аза тұту күніне арналған іс-шара болып өтті
19:48, 19 Қаңтар 2011
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зәкір Гашимовтың және Әзірбайжан ұлттық мәдени орталығы өкілдерінің қатысуымен 1990 жылдың 20 қаңтары күні Бакуде болған оқиғаларға қатысты Бүкілхалықтық аза тұту күніне арналған іс-шара болып өтті.
Іс-шараға сондай-ақ ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері, ұлттық мұрағаттың қызметкерлері, Бакуде өткен қанды оқиғалардың куәгерлері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Осыдан жиырма бір жыл бұрын кеңестік мемлекеттің әскери машинасы Бакуде ұлттық еркіндік пен өз елінің аумақтық тұтастығы үшін жиналған бейбіт халықты қатігездікпен жаншып өлтірген. Алайда ол әзірбайжан халқының ерік-жігерін, өз тәуелсіздігіне деген ұмтылысын тоқтата алмады.
Іс-шараға қатысушылар өз сөздерінде қаңтардағы қантөгіс ортақ қайғы екенін атап өтті. 1990 жылы Бакуде болған «қаралы қаңтар» трагедиясы 1986 жылы Алматыда, 1989 жылы Тбилисиде болған қанды оқиғалардың жалғасы болып табылады.