Бүгін аталмыш нысанды қала әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков аралап көрді. Жылыжайдың инвестициялық құны 1,7 млрд. теңгені құрайды. Жоба «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен қаржыландырылды. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 450 млн. теңгеге оның сырқы желілерінің құрылысы несиелендірілді.
«Жылыжай көлемі 3 гектар. Оның 1,5 гектарына қызанақ, екінші бөлігіне қияр өсіреміз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта екпе көшеттері дайын тұр, ертеңнен бастап олар субстрактқа отырғызылады. Сосын қазанақ 2 айдан кейін өнім бере бастайды, ал қияр одан да ерте жетіледі. Сәуірдің орта тұсында біздің өнім елорда дүкендерінің сөрелерінде тұрады деп болжануда», - дейді «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС-нің директоры Жеңіс Досмағамбетов.
Оның айтуынша, жылыжай жылына 9 ай бойы өнім береді. Жылдық қуаттылығы 1,900 мың тонна көкөніс. Бұл - қала тұрғындарына күніне 6-7 тонна өнім береді деген сөз. Жылыжай Израильдің тамшылап суару технологияларымен жабдықталған.