Астанада 2 жасар баланың құтқарылуы: Мектеп оқушысы марапатталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық 6-сынып оқушысы Ксения Гавриловаға Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Барат Дұзақбаевтың атынан алғыс хат тапсырылды, деп хабарланды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында.

Алғыс хатты табыстау шарасы «Столичный білім беру орталығы» орта мектебінің оқушылары мен оқытушылар құрамының қатысуымен «Жастар» сарайында өтті. Оны Астана қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Эльдор Раимбеков табыстады. 

«Суға құлаған 2 жасар баланы құтқару кезінде қайсарлығы мен қырағылығы, батылдығы үшін Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының атынан алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Балғын жасыңызға қарамастан сасқалақтамай, дер кезінде қайғылы жағдайдың алдын алдыңыз. Төтенше жағдайлар кезінде көмекке келіп, қол ұшын созатын мұндай жас ұрпақтың өсіп келе жатқанына біз өте қуаныштымыз және мақтан тұтамыз», - деді Эльдор Раимбеков. 

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 17 сәуірде Ксения Гаврилова суға құлап түскен кішкентай баланы көріп, үлкендерге дер кезінде хабарлап, құтқарушылар баланы аман алып қалған болатын.