Астанада 20 қыркүйектен бастап ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 20 қыркүйектен бастап, демалыс күндері ел аймақтарының дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Бұл туралы Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметіне Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлады.

20-21 қыркүйек күні Астанаға өз өнімдерін ұсыну үшін Алматы облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер келеді. Барлық өнім түрлері Астана қаласының базарларында қалыптасқан бағадан әлдеқайда арзан бағада сатылатын болады.

Алматы облысының жәрмеңкесінде жеміс-жидек, ет және сүт өнімдерін арзан бағаға сатып алуға болады.

Атап өту керек, Астанада аймақтардың ауыл шаруашылық жәрмеңкелері осымен 5 жыл өткізіліп келеді.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылы Астанада ұйымдастырылған жәрмеңкеде Алматы облысының өкілдері 400 тоннадан астам өнім ұсынған болатын. Сол жылы олар тамақ өнімдерінің 24 түрін, атап айтқанда 193 тонна көкөніс, 110 тонна пияз, 50 тоннадан астам алма, 17 тоннаға жуық күріш, 7 тоннадай балық, 3 тонна бал, сондай-ақ 60 тоннадан астам ет және т.б. көптеген өнім түрлерін әкелген болатын.

Қызған сауда, керемет мәдени бағдарлама және ерекше мерекелік көңіл күй аталған ауыл шаруашылық жәрмеңкелерінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл жерде азық-түліктен басқа қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан әсем туындылар да сауданың негізгі бөлігі екенін айта кету керек. Ал еліміздің облыстарының үздік шығармашылық ұжымдары мен өнер шеберлерінің гала-концерттері жәрмеңкенің көркін қыздыратын мызғымас дәстүрге айналды.