Астанада 20 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзған

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Қазір Астанада 19 жаяу жүргіншілер өткелінде камера жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Александр Павский / Kazinform

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында елордада полицейлер жол қозғалысына қатысушылардың, оның ішінде жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында тұрақты түрде рейдтер мен жергілікті профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

— Іс-шаралар барысында қаладағы адам көп жүретін жаяу жүргіншілер өткелдерінде рейдтер өткізіледі. Негізгі назар түсіндіру жұмыстарына, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға аударылады. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілер жолдың жүру бөлігін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 20 мыңнан астам рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді полиция қызметкерлері.

Барлық құқық бұзушымен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызы түсіндірілді.

Елордадағы 19 жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілерін автоматты түрде тіркейтін камералар жүйесі іске қосылған. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда ақпарат автоматты түрде тіркеліп, көлік жүргізушісі заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапқа тартылады.

Полиция азаматтарға жолды тек белгіленген орындардан, бағдаршамның рұқсат беретін сигналына өтіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Себебі жолдағы тәртіп пен сақтық — барлық қозғалыс қатысушыларының өмірі мен қауіпсіздігінің басты кепілі.

Бұған дейін Қызылордада 7 мыңдай жаяу жүргінші жол ережесін бұзғаны анықталды.