Астанада 2010-2020 жылдарға арналған ішкі көші-қон жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасының жобасы талқыланды

АСТАНА. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы ғимаратында «2010-2020 жылдарға арналған ішкі көші-қон жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасының жобасын талқылауға» арналған дөңгелек үстел өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл тұрғындарының жаппай қалаға қоныстануы үдерісінің бел алғанына 20 жылдай болып қалса да,  адамдардың ерікті орын ауыстыруы мен тұрғылықты жерін ерікті таңдау құқығын қамтамасыз ету жағы толық түрде заңдастырылмаған. «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі бірқатар ұйыммен бірлесіп, Еурокомиссияның осы мәселеге байланысты жариялаған грантын жеңіп алды. Бүгінгі іс-шара осы бағыттағы жұмыс нәтижесінің басы деуге болады. Сіздерге осы мәселені реттеудің 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасының жобасын ұсынғалы отырмыз»,  деп атап өтті «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсатов.

 Басқосуға ҚР Парламентінің депутаттары, Астана қаласының атқарушы және өкілдік билік органдары, ҮЕҰ мен саяси партиялар өкілдері атсалысты. Олар тұжырымдама жобасын талқылады, пікір алмасып, жоба бойынша ұсыныстарын ортаға салды.