Астанада «2010-2020 жылдарға арналған ҚР Құқықтық саясат тұжырымдамасын» жүзеге асыру жайы талқыланды

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «дөңгелек үстел» отырысында «2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасын»  жүзеге асыру  мәселелері талқыланды,

  

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ата заңымыз - Конституция күні қарсаңында «2010-2020 жылдарға арналған ҚР Құқықтық саясат тұжырымдамасын»  бекіту жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын. Аталған құжат еліміздің құқықтық даму саясаты саласында, оның ішінде ұлттық заңнаманы жетілдіру бағытында жаңа мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды көздейді. Оның ішінде құқық қорғау мен сот жүйесін дамыту, сондай-ақ бүгінгі әлемдік тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның құқықтық-демократиялық қоғамын құру тұжырымдамасының басты мақсаты ретінде қарастырылуда. Жаңа тұжырымдамада көрсетілгендей, бүгінде еліміздің жалпы стратегиялық дамуы аясында отандық заңнаманы сақтау мен құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында нақты іс-шараларды қолға алу қажет. Осы орайда Қазақстанның жаңа құқықтық жүйесі мемлекет пен қоғамның барлық құқықтарын қамтамасыз етіп, ашықтық пен нәтижелілікке бағытталған мемлекеттік басқару моделіне негіз болмақ. Заңгер ғалымдардың айтуынша, бүгінде Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асырудың тетіктерін әзірлеу аса қажет. Себебі аталған құжат ұлттық заңнаманы жан-жақты жетілдіруге мүмкіндік беріп қана қоймай, осы салада жаңа ғылыми-зерттеу жобаларын қолға алуға жол ашып отыр.

«Құқықтық саясат тұжырымдамасының келесі жылдан бастап қолданысқа енгізілетіндігіне қарамастан, оның негізгі тармақтарын жүзеге асыруды бүгіннен қалдырмай бастау қажет. Бұл мемлекеттік институттардың ғана емес, қоғамдық және заң ұйымдарының, сондай-ақ жоғары оқу орындарының басты міндеті болса керек. Жаңа тұжырымдаманың арқасында біз Ата заңымыз - Конституцияда көрсетілген барлық демократиялық нормаларды нақты заңнама аясында дамытып қана қоймай, іс жүзінде қолданысқа енгізе аламыз. Осы орайда біз бірлесіп жұмыс істеп, еліміздің басты мақсаты -Қазақстанның толыққанды құқықтық мемлекет ретінде құрылуына дейін жетуге тиіспіз. Ол үшін біз егемен еліміздің негізгі саяси-құқықтық құжаты Құқықтық саясат тұжырымдамасының негізгі идеяларын жан-жақты насихаттауға міндеттіміз», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғылым комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев.