Астанада «2010 жылғы Президент Жолдауына жастардың көзқарасы» атты ашық сабақ өтті

None
СТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы мұражайында «2010 жылғы Президент Жолдауына жастардың көзқарасы» атты ашық сабақ өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараны Президент мұражайының қызметкерлері қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып, ұйымдастырды. Шара елордадағы тарих пәні мұғалімдерінің аттестациялау тәжірибесі аясында жүзеге асырылып отыр. Осыған қарай оған Астана қалалық білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру мен оларды қайта дайындау институтының өкілдері, елордадағы орта мектептердің тарих пәнінің ұстаздары, сондай-ақ Президент мұражайы жанындағы педагогтар кеңесінің өкілдері қатысты.

Шараны ұйымдастырушылардың сөздеріне қарағанда, ашық сабақтың басты мақсаты - Мемлекет басшысының осы уақытқа дейінгі атқарған істері негізінде Қазақстанның жаңа тарихының бет-бейнесін көрсету. Осыған қарай шара барысында елордадағы №1 мектеп-лицейінің тарих пәнінің ұстазы оқушылармен бірге Елбасының биылғы жылғы «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылады.

«Бүгінде елде Мемлекет басшысының Жолдауы белсенді талқылануда. Өз кезегінде біз де өзіміздің білім беру бағдарламамыздың аясында ортақ іске үлес қосқанды жөн санап отырмыз. Осыған қарай біз қазір мектептер мен колледждердің оқушыларын және жоғары, орта білім беру орындарының студенттерін де тартып отырмыз. Себебі Жолдау тек саяси мәселе ғана емес, сонымен қатар еліміздің әрбір тұрғынының өміріне қатысты мәселе. Бұл мемлекеттің тағдыры. Ал бүгінгі ашық сабақ мұражай қабырғасындағы Елбасының Жолдауына қатысты ұйымдастырылып отырған екінші тәжірибе. Оның біріншісі бойынша біз мұражай қызметкерлері мен лекторлар корпусының көмегімен оқушылар мен студенттер арасында Президенттің жыл сайынғы Жолдауларының ерекшеліктері мен олардың жалғастығы жөнінде баяндадық. Бұл

ретте құрғақ мәліметтерден көрі, Жолдаудың стратегиялық мақсат-міндеттеріне баса көңіл бөлдік десе болады. Ал бүгінгі сабақ интерактивті жүйеде ұйымдастырылды. Яғни мұнда дебат технологиялары мен сарапшылар пікірі де бар. Мұндағы басты ерекшеліктердің бірі біз сабақ барысында Елбасының осы уақытқа дейінгі Жолдауында көрсетіліп, осы уақытта іске асырылып үлгерген міндеттерді де көре аламыз», деді Президенттің алғашқы мұражайының директорының орынбасары Ботагөз Каипова.