Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының (СӨҚО) мамандары ұйымдастырған іс-шараға елордадағы орта, арнайы кәсіптік және жоғары білім беретін мекемелердің өкілдері қатысты.
СӨҚО жанындағы Жастар денсаулығы орталығының бастығы Гүлмира Тоқбаеваның айтуынша, қазіргі күні Астанада жастарға көмек көрсететін бірнеше орталық бар. 10-24 жас аралығындағы азаматтар конфиденциалды түрде репродуктивті денсаулыққа қатысты және психологиялық кеңестер ала алады. Сонымен бірге, Астанада Қазақстан бойынша тәулік бойғы жалғыз сенім телефоны жұмыс істейді - 57 11 61. Көмекті заңгерлер, әлеуметтік мамандар мен медицина қызметкерлері көрсетеді.
Г.Тоқбаеваның сөзіне қарағанда, Орталыққа көмек сұрап келген жастардың дені психоневрологтардың көмегіне жүгінеді. Дөңгелек үстелге жиналғандардың бір тобы, «11-ші сынып оқушыларын алда күтіп тұрған ұлттық бірыңғай тестілеу және ата-аналар мен ұстаздардың оқушыларға қоятын тым жоғары талаптары Орталыққа келушілердің санын арттыруы мүмкін», деген пікірін білдірсе, екіншілері суицид мәселесінің тамыры тереңде жатқанын айтты.
Мәселен, №4 емханада жұмыс істейтін суицидолог маман Екатерина Миронованың айтуынша, жастар арасындағы суицид - әлеуметтік проблема, сондықтан себепті тек ҰБТ-дан іздеу қате. Онымен бірге, бұған дейін суицид студенттік жастар арасында жиі кездессе, қазір ол контингент жасарып барады.
«Бұл жалпы әлеуметтің проблемасы. Жастардың өзара келіспеушілігі, мектептегі ұрыс-керістер, ұстаздармен болып қалатын дау-дамайлар, бір-жерден екінші жерге қоныс аудару, ол ортаға бейімделу, ауыр тұрмыстық жағдай, жоспарланбаған жүктілік - бұл жас ағзаның сезімтал әрі өте нәзік жүйкесіне қатер тигізуі мүмкін себептер. Ол тек медицина саласының ғана емес, сондай-ақ ведомствоаралық проблема. Өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін негізгі факторларға - қоршаған ортаның агрессияшылануы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылатын жағымсыз ақпараттарды атауға болады», - дейді ол.
Суицидологтың сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасаған ауқымды зерттеу жұмыстарының өзі суицид оқиғаларының 40 пайызының себептерін анықтай алмады. Қазақстан бүгінгі күні жастар арасындағы суицид бойынша Латвия мен Ресейден кейінгі орында тұр.
Астанада суицидолог маманының штаты 2008 жылы ашылды. Өкініштісі, бүгінгі күні Астана қаласы бойынша жалғыз суицидолог маманы бар. Медиктердің пікірінше, көші-қоны жоғары елордада психологтар мен суицидолог мамандардың санын арттыру қажет.
Статистикаға сүйенсек, 2009 жылы 66 жас өрен өз еркімен өмірімен қоштасқан, 2010 жылы - 62, ал 2011 жылдың төрт айы ішінде - 24 бала өз-өзіне қол жұмсаған.