Бұл туралы елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі жөніндегі қоғамдық тыңдау барысында Астана қаласының автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұлов мәлім етті.
- Біз қаланың ескі бөлігін жөндеп жатырмыз. Жангелдин, Мәскеу, 9 мамыр көшелері жөнделді. Алдағы уақытта Желтоқсан көшесін кеңейтіп, жөндеу және Әуезов көшесін жөндеу көзделген, - деді ол.
Оның айтуынша, қалада мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлер мен жаңа аудандар тез салынып жатыр, оларды пайдалануға беру үшін инженерлік желілерді тарту және өтетін жолдармен қамтамасыз ету қажет.
- Тілендиев даңғылы ауданында ұзындығы 5,3 шақырым болатын төрт көше салу керек, атап айтқанда, Алматы, Жангелдин және Алматы-1 көшелері. Қошқарбаев, Жұмабаев көшелері ауданында жалпы ұзындығы 9,1 шақырым 7 көше салынады. 2017 жылы басқарма Мыңжылдық аллеясын дамытуды жоспарлап отыр, осы бағытта Ж. Нәжімеденов пен Байтұрсынов көшелері салынады, - деді Сымбат Мырзағұлов.
Жыл сайын елордада орта есеппен 10 шақырым жол жаңадан салынады, қозғалыс жолақтары ұлғайтылып, жол төсемі қайта жөнделеді, 7 шақырым инженерлік желі жаңартылады. Қаладағы жалпы ұзындығы 1038,4 шақырымды құрайтын 953 көшенің 705,2 шақырымына, яғни 73,1%-ына асфальт төселген.
С. Мырзағұлов өз сөзінде қазіргі кезде Комсомольский, Көктал-2, Оңтүстік-Шығыс (оң жағы), Тілендиев даңғылының оңтүстігіне қарай тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Құрылысы 2015 жылы басталған ғимараттарды аяқтау және 10,5 шақырым жол салу жоспарланған. Сондай-ақ, 2017 жылы Комсомольский, Оңтүстік-Шығыс, Көктал-1, Көктал-2, Интернациональный, Мичурино тұрғын алаптарында 10шақырым жол салу мен 25 жуық инженерлік желі тарту жұмыстары жалғасады.
2011-2016 жылдары Астана қаласында 101 шақырым жол салынып, 275,25 шақырым инженерлік желі тартылған. Күйгенжар, Қазақауыл, Пригородный, Казгородок, Қараөткел, Заречный және Промышленный тұрғын алаптарында тиісті жұмыстар аяқталды.
Сонымен қатар, көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту аясында Угольная к-сі, №14, №12 (Сарайшық) және Ш. Бейсекова көшесімен өтетін Кіші айналма жолдың құрылысы қолға алынды. Оның жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайды. Оған 7 жол айрық, 5 жол өтпесі, 1 көпір кіреді.