Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілеттіелшісі Фейсал Әл-Кахтанимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ «ОПЕК » аясындағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және заманауи «жасыл» технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Ерлан Ақкенженов Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы энергетикалық әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, әлемдік энергетика нарығын дамыту мәселелері бойынша тұрақты диалог пен ұстанымдарды үйлестірудің маңыздылығына тоқталды.
Ерекше назар Эр-Риядта өтетін Дүниежүзілік мұнай кеңесінің алдағы конгресіне аударылды. Қазақстан Конгресті басым жобаларды ілгерілету, іскерлік байланыстарды кеңейту және мұнай-газ саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды алаң ретінде қарастырады.
— Кездесу барысында Қазақстанның 2028 жылы Астанада Дүниежүзілік мұнай кеңесінің кезекті конгресін өткізуге дайындалып жатқаны да атап өтілді. Тараптар іс-шараны дайындау және өткізу барысында тығыз өзара іс-қимыл жасаудың маңыздылығын атап өтті, — делінген хабарламада.
Тараптар мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелерін де талқылап, энергетикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша энергетика саласындағы әріптестік қатынастарды одан әрі нығайтуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілік расталды.
Осыдан бұрын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдің солтүстік өңірін газдандыруға қатысты пікір айтты.