Астанада 21 көшенің атауы өзгереді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында қала көшелерін қайта атау мәселелері қаралды. Оған ономастикалық комиссия мүшелері, қалалық басқармалардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланған. «Қала тұрғындары ономастикалық комиссияның қарауына көшелерді қайта атау туралы өтініштерді жиі жолдайды. Қазіргі уақытта 23 өтініш келіп түскен. Ономастикалық комиссия азаматтардың ұсыныстарын қарап шығып, елорданың 21 көшесін қайта атау және екі көшені біріктіру туралы шешім қабылдады», - деді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов. Отырыста адамдардың аты-жөндерін дұрыс жазуға ерекше назар аударылуы тиіс екендігі атап өтілді. Сонымен қатар белгілі бір мекенжайды іздеуде қиындықтар тумауы үшін азаматтар көшелердің атауларының өзгергені туралы уақытылы хабардар етілулері керек. Айта кетейік, Тілдерді дамыту басқармасына келіп түскен барлық өтініштер ҚР Парламентінің және қалалық мәслихат депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің, елордалық ЖОО және ҚР Ұлттық мұрағатының өкілдері енген ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылады, содан кейін қалалық мәслихаттың қарауына жолданады.