Астанада 28 ерекше қажеттілігі бар жасөспірім колледждерде кәсіби даярлық курстарын аяқтады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек мамандықтарының жылы аясында Астанада «Ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдер мен ересектерге арналған оқу-өндірістік комбинаттар» жобасының түлектеріне сертификат тапсыру рәсімі өтті. 28 ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірім «Наубайшы», «Кондитер», «Тігінші» мамандықтары бойынша білім алды. 

Жоба «Bolashak Charity» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Астана қаласы әкімдігі, «AMANAT» партиясы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

Фото: «Bolashak Charity» қоры

Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдерге кәсіби білім алу, әлеуметтену және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну.

Бағдарламаға 12-18 жас аралығындағы аутистикалық спектр бұзылыстары, жеңіл және орташа деңгейдегі ақыл-ой кемістігі, психикалық даму тежелуі, Даун синдромы, нейросенсорлық есту қабілетінің төмендеуі, СДВГ жасөспірімдер мен дамуында ауытқулары бар ересектер қатысты.

Фото: «Bolashak Charity» қоры

Оқу 6 ай бойы аптасына екі рет, әр сабақ 3 сағаттан, Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету колледжінің базасында жүргізілді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдер тігін, мата және тігін машиналарымен жұмыс, тағам дайындау, аспаздық және санитарлық негіздер, кондитерлік іс саласында практикалық дағдыларды меңгерді. Сабақ барысында қатысушылар өз бетінше жұмыс істеуге, өзіне деген сенімділікті арттыруға және болашақ мамандығына дайындалуға мүмкіндік алды.

Фото: «Bolashak Charity» қоры

Жоба 2024 жылы «Bolashak Charity» қорының Қысқы қайырымдылық балында жиналған қаражат есебінен басталды. 2024 жылы курсты 34 жасөспірім аяқтады, олардың 10-ы колледжге түсіп, білім алуды жалғастыруда, 8 жасөспірім түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтті, олардың үшеуі жұмысқа орналасты.

Фото: «Bolashak Charity» қоры

Іс-шараға «Bolashak Charity» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, Астана қаласы Білім басқармасының өкілдері, Қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету колледжінің директоры Зауре Клышбаева, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдер, олардың ата-аналары, мамандар, әлеуметтік кәсіпкерлер және басқа да қатысушылар қатысты.

Фото: «Bolashak Charity» қоры

— Біздің қор 10 жылдан бері инклюзивті білім беруді дамытуда — балабақшалардан бастап мектептер мен колледждерге дейін жұмыс істеп келеді. Бүгінде менталды бұзылыстары бар жасөспірімдерге кәсіби білім беру мәселесі өзекті болып отыр: 9 сыныптан кейін олар бейімделмеген бағдарламалар салдарынан мектепте оқуын жалғастыра алмайды. Осыған байланысты өткен жылдың басында біз колледждер базасында оқу-өндірістік комбинаттарын іске қостық, онда ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдер мен ересектер практикалық сабақтар арқылы мамандық меңгеруде. Бір жарым жыл ішінде шамамен 70 адам оқытылды, және біз олардың тәуелсіз болуға, өзіне сенімді болуға және болашақ мамандығына дайындалуға мүмкіндік алғанын байқадық. Менталды бұзылыстары бар адамдардың ерекшеліктерін ескере отырып, колледждерде оқу бағдарламаларын бейімдеу, оларды практикалық бағытта жасау және теориялық бөлігін қысқартса үлкен көмек болар еді. Қазақстандағы инклюзияны дамытудағы келесі қадам — менталды бұзылыстары бар адамдардың жұмысқа тұрып, сәтті еңбек ете алуы үшін оларды сүйемелдеушінің болуын қамтамасыз ету. Бұл үшін уәкілетті ұйымдар нормативтік-құқықтық актілер аясында барлық жағдайды жасауы өте маңызды, — деп атап өтті «Bolashak Charity» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«Тігінші» бағыты бойынша УПК түлегі MaxMara халықаралық бренді бутигінде маркетолог көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Бұл инклюзивті білім берудің дамуында ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдер үшін нақты перспективаларды ашатын шабыттандыратын мысал.

— Ыңғайлы атмосфера, педагогтардың қолдауы және түсінікті нұсқаулар ұлымның өзін көрсетуіне көмектесті. Ол тек тағам пісіруді үйреніп қана қоймай, адамдармен қарым-қатынас жасау, нұсқауларды орындау сияқты өмірлік маңызды тәжірибе алды. Әсіресе дайын өнімді қолына алу сәті ұнады. Бұл жоба тек оқыту туралы емес, тең мүмкіндіктер туралы. Бұл мектеп пен ересек өмір арасындағы көпір, дербестікке қарай тағы бір қадам, — деді Бекназар, аутизммен ауыратын жасөспірімнің әкесі Елдос Иманбаев.

«Әр бала мектепке лайық» бағдарламасына — 10 жыл

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры 2015 жылдан бастап аутизм және басқа да ментальды бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламасы — «Әр бала мектепке лайық» жобасын 10 жылдан бері сәтті жүзеге асырып келеді.

Фото: «Bolashak Charity» қоры

Қор ел бойынша 90-нан астам арнайы жабдықталған оңалту мекемелері мен кабинеттер ашты, оның ішінде 24 қалада 71 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Жоба аясында ерекше білім беру қажеттілігі бар 2000-нан астам бала қамтылды, соның ішінде 1000-нан астам бала үйде оқытудан мектепке оралды.

Инклюзивті білім беру саласында 600 жаңа арнайы жұмыс орны құрылды. 4500-ден астам маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқудан өтті. Қордың шығармашылық бағдарламаларына 2500-ден астам балалар үйінің тәрбиеленушісі қатысты.

Фото: «Bolashak Charity» қоры

Қордың инклюзияны қолдау кабинеттері ел бойынша инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған эксперименттік алаңдар желісіне енгізілді. Ел бойынша «Bolashak Charity» қорының үлгісімен 1500 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 100-ден астам сапалы ұсынымдар мен заңнамалық түзету енгізілді. Қор Сенат жанындағы, «AMANAT» партиясы мен министрліктердегі инклюзияны дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс топтарының мүшесі.

Фото: «Bolashak Charity» қоры

Қор «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқытудағы мінез-құлық технологиялары: диагностика, оқыту және қолдау стратегиялары» атты педагог-ассистенттерге арналған оқыту курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінгі таңда бұл курс бойынша Қазақстан мен Орталық Азияның 17-тен астам өңірінен 4000-ға жуық маман білім алды.

Айта кетелік Қазақстанда инклюзия бойынша алғашқы бүкіләлемдік конгресс өтетіні туралы жазған едік